Жасөспірім балаңыз жасырын темекі тартып бастаса, өтірік айтатын болса…
Ата-аналардың көбі жұмысбасты, балаға қарауға уақыты жоқ, кешке үйге келгенде, әдеттегіше әңгіме төркіні мынадай: Халың қалай? Тамақ жедің ба? Сабағыңды орындап қойдың ба? Осымен әңгіме бітеді. Мұның бәрі бір сарындағы, әшейін салғырт сөздер ғана. Мұны бала да ұғады, өзін ешкімге керек емес, қиын сәтте сүйенетін ешкімі жоқ екенін, оның өмірі ешкімді де қызықтырмайтынын түсінеді. Бұл сезім өте ауыр да қайғылы сезім.
Міне оқу жылы да аяқталып келеді, таяуда жазғы демалыс басталады. Көпшілік ата-ананың жағдайы мәз емес, балаларын лагерлерге, саяхаттарға, демалыс орындарына жібере алмайды. Балалардың көбі үйлерінде болады, сонда оның шығатын жері, қарым-қатынас ортасы біреу ғана: аула. Бала аулаға шығады. Ал аулада өзі сияқты, ата-анасының махаббат кәусарынан шөлін қандыра алмаған балалар. Олар сіздің балаңыздың барлық проблемасын түсінеді, себебі өз бастарынан өткен. Сондықтан да балаңыз өзінің барлық проблемаларымен сол аулада бөлісе бастайды. Себебі аулада міндетті түрде «қамқоршы, ақылшы, жол сілтегіш» үлкен балалар пайда болады. Сол аулада «кәні алып қой, немене қолыңнан келмей ме, қорқасың ба?» деген сияқты сөздермен бала «намысқа тырысып» алғаш рет алып тастайды, шегіп тастайды...
Бір күні темекінің иісін, бір күні арақ ішкенін, бір күні бір түрлі жүнжіп, көп сөйлемейтін, нервный болып кеткенін байқаймыз.
Мұндай кезде ата-ана байбалам салып, айғайлап ұрып-соғып, шашын жұлып, сабап әлек-шелек боп жатады. Мұның бәрі бекершілік, оң нәтиже бермейді. Не істеу керек? Әрине, « мен саған барымды бердім, күн-түн демей сен үшін тырысып жүрмін, оңбаған, жексұрын, неблагодарный» деген сөздер бос. Бәрі кеш, тым кеш.
Бірақ та, балаңыздың осындай жағдайға душар болғанына өз кінәңізді сезінсеңіз, дер кезінде жылылық бере алмағаныңызды, дұрыс үлгі бермегеніңізді, жақсы әдеттерді бойына сіңіре алмағаныңызды мойындасаңыз – кеш емес! Енді баланың тағдыры сіздің қолыңызда. Енді бала емес, сіз араңыздағы көпірді сала бастайсыз. Ия, балаңыз бен екеуіңіздің араңыздағы көпірді орнату керек. Бірақ бірнеше күн бойы балаңызды бақылап, оған назар аударыңыз, оның мінез-құлқына қараңыз. Ия, сіздің жақтырмайтын қасиеттеріңіз бар шығар, жіті қараңыз. Әдетте біздің суқанымыз сүймейтін қасиеттер болады. Сол сіз жақтырмайтын қасиеттерді балаңыздың бойынан бақылаңыз, түсінуге тырысыңыз. Себебі сол сізді қатты ызаландыратын қасиеттер дәл сіздің бойыңызда бар! Ия, солай. Сол өз қасиеттеріңізді балаңыздан тауып алыңыз. Әңгімені содан бастаңыз. «Ия, балам сенің бойыңдағы мынадай мықты қасиеттерің маған ұнайды, бұл жағынан екеуміз ұқсаймыз. Бірақ менің бойымда маған жақпайтын мінездерім де бар, сол мінезімнің сенен табылғаны мені қынжылтады» - деген сияқты ашық әңгімелесіңіз. Баланың қарсы алдына отырып алып кешірім сұраңыз, жаныңызды ақтарыңыз, әрине бірден балаңыз немесе қызыңыз өзгере қоймайды. Бірақ сол күннен бастап жиі әңгімелесіңіз. Өмірде сізді не қуантады, не қынжылтады, қандай жоспарлар құрасыз, басыңызда қандай проблемалар бар – балаңызбен бөлісіңіз, онымен ересектерше сөйлесіңіз. Ақыл сұраңыз. Осындай жағдайда жасөспірім сізге құлақ асып, сізбен етене жақын бола бастайды. Отбасының ауа-райын сақтау, балаңызбен бақытты қарым-қатынас жасау сіздің қолыңызда.