Баланың сезімдерін құрметтеу
Балалы үй – базар. Балалармен өмір сүру оңай емес. Күн сайын таңертең: «бүгіннен бастап басқаша болады» деген оймен тұрасың. Бірақ ойдағыдай болмайды. Бәрі бәз-баяғыша жалғасын табады. «Сен оған көп салдың», «Мен көк кесемен емес, қызылмен компот ішкім келеді», «мына ботқаның түрінен құсқым келеді», «ол мені ұрды», «мен оған тиіскен жоқпын», - деген сөздерден миың айналып кетердей боласың.
Ал шындығында, балалардың сезімдері мен іс-әрекеттерінің арасында тікелей байланыс бар. Балалар өздерін жақсы сезінгенде ғана жақсы мінез көрсетеді екен. Олар өздерін жақсы сезінуі үшін біз қалай көмектесе аламыз?
Әрине олардың сезімдерін түсіну арқылы! Баланың сезімін ата-анасы түсінбеуі – проблема. Мысалы, «қой, негізі сенікі дұрыс емес, сен қателесесің» - деп қоя саламыз.
Мысалы, біздің әңгімеміздің сиқы шамамен мынадай:
Бала: Мама, мен шаршадым.
Мен: Қайдағы шаршаған, сен жаңа ғана ұйықтап тұрдың емес пе?
Бала: Жоқ. Мен шаршадым!
Мен: Жоқ, шаршағаны несі, жалтарма, кане, тұр да, киін.
Бала /жылауға шақ/: айттым ғой шаршадым!
Бала: мен ыстықтап кеттім.
Мен: Қайдағы ыстық, үй салқын, күртеңді шешпе!
Бала: Маған ыстық.
Мен: Салқын, үстіңе ки.
Көріп тұрсыз, баламды өз сезімдеріне сенбей – тек менің сезімдеріме сенуге күштеп көндірумен қоймай екеуара әңгімемізді нағыз салғыласуға айналдырдым.
Не істесем екен. Мұндай жағдайды шұғыл түзету керек, қалай? Өзгеру керек. Баланың сезімдеріне өз көз-қарасыммен емес, оның тұрғысынан қарау керек шығар. «Мысалы, өзім баламын, шаршадым, ыстықтап кеттім, ешнәрсеге зауқым жоқ, зеріктім. Менің не сезіп тұрғанымды өзіме ең жақын адамға, яғни анама айтқым келді...»
Жоғарыдағы салғыласудың орнына: «Жаңа ғана ұйықтап тұрсаң да, сен шынымен де қатты шаршаған екенсің » немесе «маған салқын көрінгенмен сен ыстықтап тұр екенсің ғой». Нәтижесінде, біз әрқайсымыздың өзіндік пікірі бар екі адам болдық. Екеуміздің де сөздерімізді дұрыс не бұрыс деп айтуға болмас. Екі түрлі адам болғандықтан біздің екі түрлі пікіріміз бар, бұл түсінуге болатын жағдай, бұл норма.
Мұндай позиция баламен арадағы түсінбеушілікке жол бермейді. Керісінше өзара құрмет туғызады. Солай ма?