Балаға істетпей өзіңіз істей салмаңыз Егер сіз қандай да бір тапсырманы, балаға ауыр болар деп өзіңіз жасай салатын болсаңыз, балаңыз ешқашан да қиын жағдайлардан өздігінше шығу жолын іздемейтін болады. Сондықтан да, баланың жүгін жеңілдетем деп оның әрбір басқан қадамына араласа бермеңіз. Оған үнемі шамасы жететіндей тапсырмалар жүктеп қойыңыз: мысалы, күн сайын белгілі уақытта жануарларға жем берсін, сонда оған тек келісілген тапсырманы есіне салып тұрсаңыз жеткілікті. Үйге келген қонақтарға: «Егер менің көмекші балам өз жауапкершілігін мойнына алмағанда үйдегі жануарлар аш қалар еді», - деп айтып та қойыңыз. Сонда сіздің кіп-кішкентай бүлдіршініңіз жауапкершілікті өз мойнына ала алатын азамат болып қалыптасады. Ал жауапкершілік бар жерде – табандылық бар. Қаншама әзілқой болсаңыз да... Үйге келген қонақтардың көңілін көтеру үшін балаңыздың оқыс жасаған қылықтарын немесе айтқан сөздерін айтып күлмеңіз! Олай етер болсаңыз бес минут қана қонақтардың назарын аударып мәз боларсыз, ал балаңыз ішінде «тағы да ақымақтық жасап қойып күлкіге қалармын» деген үрей мен ұялшаңдық қалып қоюы мүмкін. Әдетте тек күшті, жігері мықты адам ғана өзінің үстінен күле алады. Ал сіздің балаңыз мықты адам боп өскенше біраз уақыт керек. Сондықтан да сіз балаңызды мазақтап келемеждемеңіз, Сіз оның қорғаны, тірегі, қолдаушысы және шабыттандырушысы емессіз бе. Көпшілік алдында келемежденген адамның сезімдері фрустрация деп аталады. Яғни бұл қауіпті жағдай, кішкентай бала үшін кәдімгі қиын жағдай, тығырықтан шыға алмайтын өкініш туғызатын жағдай болып жүрегінде із қалып қойса оның тағдырына жақсы әсер бермесі анық. Біздің өміріміздің мәні баламызға қуаныш пен шабыт, сенімділік пен жігерлілік сіңіру емес пе?

Теги других блогов: балалар әке-бала қасиеттіліктер