Сингапур, Тәрбие концепциясы
Сингапурдағы бала тәрбиесі концепциясын 1984 жылы мемлекет премьер- министрі Ли Куан Ю жасап шыққан. Бұл концепция адамның табиғи саулығы мен оны дамыту теориясына негізделген. Сингапурлық социолог мамандар, оқыған, жоғары білімді әйелдердің тұрмысқа шықпай, баласыз екендігін, ал еркектер кедей, оқымаған қыздарға үйленетінін анықтаған. Осы мәселені анықтап алған мемлекет басшысы елде отбасылық жағдайды жөндеуді өзі қолға алып, мемлекетте дарынды балалардың көбеюін қолдайтын , дұрыс отбасы құру базасын жасап шығуға бұйрық берді.
—
Өкіметтің қадағалауымен елде екі неке агенттігі ашылды. Ол агенттіктер интеллектуалды және әлеуметтік тұрғыдан бір біріне сәйкес келетін некелерді ұйымдастыру жұмысымен айналысады. Бұл агенттіктерге арнайы психолог, дәрігер және социолог мамандар тартылды. Бұл жерде потенциалды жұбайларды кездестіруге, таныстыруға барлық жағдайлар жасалды. Агенттіктер, сондай-ақ, спортзалдар, бассейндер, кафелер мен кинотеатрлармен жасақталды.
—
Потенциалды клиенттер табысып үйленген жағдайда оларға мемлекет тарапынан қомақты сыйлықтар, атап айтқанда тұрғын үй алатын несиелер ойластырылды. Ал оқымаған әйелдерге бір баладан соң стерилизация жасау ұсынылды, есесіне, компенсация есебінде тұрғын үй проблемасын шешіп берді. Ал дарынды әйелдерге де сыйақылар белгіленді, егер де олар үш баладан көп бала дүниеге әкелсе.
Мектептер
Мемлекетте элиталық немесе элиталық емес балабақша, мектеп деген түсінік жоқ, барлық баланың алатын старты бір. Есесіне жылына бір рет 11-12 жасар балаларды IQ тестінен өткізеді. Тесттен өткен мықтылары элиталық оқу орнына түседі, Raffles мектебі ең мықты саналады, ол жерде болашақ мемлекет басшылары оқиды десе де болады. Бұл мектепте сабақтар таңғы 7,30 нан кешкі 18,00 ге дейін. Бұл мектепте кедей отбасылардың балалары да оқи алады, олар толығымен мемлекеттің мойнында.
—
Барлық мектептер мен балабақшаларда спорттық және мінез-қылық тәрбиесіне жіті көңіл бөлінеді, себебі Сингапурда қағазды қоқыс етіп лақтырып кету үшін 270 АҚШ доллары көлемінде штраф, ал унитаздағы суды ағызуды ұмытып кеткені үшін 180 АҚШ доллары айыппұл салынады. Балаларды қатаң дисциплинаға, тәртіпке баулып тәрбиелейді. Балалар уақытының көбін балабақшалар мен мектептерде өткізеді, сол жерде олар үшін өте көп секциялар мен үйірмелер ашылған, балалар мүлдем теледидар қарамайды десе болады, олардың оған уақыты да жоқ. Олар үнемі пайдалы істермен айналысуы міндетті.
Сингапурдағы жағдай осылай. Есесіне Сингапур бүгінгі күнде әлемдегі ең дамыған, бай мемлекет, ішкі миллионерлер санынан олар бірінші орында тұр. Бірақ... біртүрлі «полицейлік» тәртіп сияқты ма... Сіз қалай ойлайсыз?