Баланы «өсірмейтін» сөздер
#anabalakluby#leaderbala#sapalyqazaqbalasy# Q4_buziness_school#@azhekalife #q4 Тұғыр-4#FB@Zhanat zhan#
«Жұрттың баласына қарашы, қандай послушный», «пәленшеге қарашы» - деген сөздерден бас тартуымыз қажет, мүлдем сөздік қорымыздан шығару керек. Себебі бұл сөздерден баламыздың өзіне деген сенімділігі жойылады. Бала өзін кем санайтын болады, «менің ақылым төмен» деген түсінік пайда болып, кейін осы сөзге көнбістік пайда болады. Өзіне өзі сенімін жоғалтқан бала өмірде жасқаншақ болып қалыптасады. Бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өткен, сондықтан да өз ерекшелігімізді көрсететін сәттерде қаншама рет «бұғып» қалып жүрміз.
—
«Олай істеме ұят болады, бұлай жасама жаман болады» деген «тәрбие» де бізге жат емес, кейде осы сөздерді біздің ақсақалдарымыз «бұл нағыз қазақы тәрбие», «қазақ өз баласын тек екі сөзбен ғана тәрбиелеген»деп дәріптеп жатады. Нәтижесінде, біз өз сұрақтарымызға тиісті жауап ала алмай өстік. Нәтижесінде біз биліктен де, өкіметтен де ештеңе талап ете алмайтын қоғам ретінде қалыптастық. Мысалы, мен тұратын Тұздыбастау ауылында машина жүретін, адамдар жүретін жолдар ешқашан да жөнделмейді, адам жүретін жол тіпті жоқ, себебі адамға деген құрмет жоқ. Өйткені біздің адамдар қатаң талап қояды деп шіміркену де жоқ, «біреу тротуар талап етеді-ау» деген ой ауылдық жерде нонсенс. Жергілікті халықтан «неге талап қоймайсыздар?» деп сұрасаң, айтатын жауаптары: «Бір түрлі ұят, әкім қаралар өзіміздің ауылдың азаматтары, егер ауызыңды аша қалсаң – қой, қой, баршы, бәрі де кейін жөнделеді ғой, немене сонша, осы ауылдың адамы емессің бе, бөтен емессің ғой, қашаннан бері жол, свет, су керек болып қалды» деген сөздермен сөзіңді тыңдамайды да. Өйткені әкім де «қазақы» тәрбие алған азамат, арызданушы да солай тәрбие алғандықтан «ұят болады» деген тәрбиені сіңірген.
—
Бұл сөздердің ең жаман тұсы – бізде көнбістік, не болса да «осы күнімізге шүкір» дейтін өмір ұстанымын қалыптастырады. Біздің ауылдың қасында Мичурин ауылы бар, қазір ол басқаша аталады. Сол ауылды барып көрдім, бұрын сол колхозда орыс ұлты көп болған екен, түріктер де көп болған, ал қазақтар бірен-саран болыпты, бірақ қазіргі ұсқынына қарап, кезінде жақсы ғимараттар, жолдар салынғаны білінеді, себебі жергілікті халқы соншалықты көнбіс болмағаны айқын.
—
«Балаларымызға мұншалықты тиым салмайық» деген тәртіпсіздікке баулу дегенді білдірмейді, бала өзін қызықтырған барлық сауалдарына жауап алса, өмірде де өз сұрақтарына жауап іздеп, талаптанып өседі, бұл ұлттық қалыптасудың сапасын арттырады.
—
Тағы бір айта кететін жәйт – біздің бала тәрбиемізде өзек жоқ, не біз тиым салып ауызын жауып тастаймыз, не , қит етсе асыра мақтаймыз. Сондықтан біз не болса соған мақтанамыз, ішкен-жегенімізді айтып, дүниемізді айтып, той жасап мақтанамыз. Баланы басынан сипау керек, шабытын тасытатын сөздер айту керек, бірақ мақтаудың шегі болуы тиіс. Егер де шынымен мақтауға тұрарлық іс жасаса ғана мақтау керек, яғни заслуженно. Бала, өзінің шынында да берекелі іс жасағанын түсініп марқайып қалуы керек.