Ұлыстың ұлы күні, жыл басымыз Наурыз құтты болсын! Наурыз мерекесін ежелгі ғасырларда бабаларымыз қалай тойлады екен... Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз – мерекелердің мерекесі болып саналған, 1221 жылы қытай саяхатшысы Чан Чунь ескі Отрар шаһарында Наурыз мерекесін адамдар қалай тойлайтыны туралы жазба дерек қалдырған екен. Әрине ол кездегі қытай жиһанкездері арнайы тапсырмамен батысты зерттеп, әйгілі жібек жолындағы отырықшы және көшпелі мемлекеттер мен тайпалар туралы толық мәлімет жинап өз патшасына ақпарат беріп отырған. — Чан Чунь де жиһанкездік сапармен жүріп, сол жылы көктем басталғанда, күн мен ай теңескен күні Отрар шаһарында көргенін тәптіштеп жазып қалдырған. «Бұл күні әр үйдің жанына жарапазан, әзіл-оспақ өлеңдер айтқан балалар келіп дорбаларын толтырып неше түрлі тәттілер алады екен. Олардың дорбасына сыйлық ретінде қауын қақ та, бауырсақ та, құрма, құрт та, жент те түсіп жатты. Айнала жастар қыдырып, бәрі қуанышқа толы жүздері жайнап неше түрлі ойын-жарыстар өткізеді екен», - деп жазыпты. Наурыз мерекесі таң алдында тұрып бұлақ тазалаудан басталады екен, жұрт қысы бойы бітеліп қалған бұлақтарды тазалап, мөлдір судың ағатын жолдарын қоқыстан тазартқан. «Бұлақ көрсең – көзін аш», - деген сөз сол кезден қалса керек. — Одан соң ел-жұрт болып тал, шыбықтар отырғызу рәсімі де міндетті түрде орындалатын болған. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең-он тал ек» деген сөздер де сол сарғайған замандардың лебі... — Наурыз мерекесіне ел жыл бойы, қысымен дайындалған екен, наурыз мерекесі сол кезде спартакиада секілді өткен сияқты. Нар қыздар жарысының өзі неге тұрады. Кішкентай мығым қыздарды арнайы кішкене кезінен-ақ жаңа туған түйенің баласын күн сайын көтеріп машықтанады екен, бота өскен сайын нар қыз да күніне бірнеше мәрте үзбей көтере беріп нағыз палуан қыз болып қалыптасады екен. Наурызда сол палуан Нар Қыздардың қатысуымен түйе көтеруден жарыстар өткізу салты болған, ел айызы қана тамашалайды екен. — Сондай-ақ, етсоғарлар жарысына арнайы дайындалған ет жегіштер қатысқан. Екі адамға екі қойдың етін алдарына қойып, қайсысы бірінші боп тауыса алса жеңімпаз болған. — Желаяқтар жарысына жүгіргіштер қатысқан. Жыраулар мен жыршылар да өз-алдарына отырып алып бірнеше күн бойы тоқтамастан жырлап отырған, ал тыңдаушылары болса ұйқысыз отыра алмай кезек-кезек ұйықтап алып келіп тыңдайды екен жырды. Негізі осы атақты жыраулардың жадында сақталып келе жатқан қазақтың барлық ауыз әдебиеті сол жырау, жыршы мен ақындар арқылы осы күнге жетті. — Әрине, Наурыз мейірім мен игілік мерекесі. Осы күні ақ түйенің қарны жарылып, ұзақ қыстан аман шыққан халқымыз қыстан қалған қалжаны жаңа көктем несібесі: ақ-ағарғанмен араластырып, арасы үзілмесін деген ниетпен наурыз көже пісіріп бүкіл ел болып қарындары қампайып мәз-мейрам мереке етіп тойлаған. Сол қытай жиөанкезінің жазып кеткенін ескере отырып Наурыз мерекесіне балаларымызды белсенді қатыстырып наурыз жарыс-ойындарын кішкене форматта өз отбасымызда атап өтсек, наурыз ең сүйікті мереке болып бала жадында сақталады. Мұндай шаралар ізсіз өтпесі анық.