Бала жылауық болса...
Кейбір бала жылауық болады. Ал ересектер баланың не болса соған жылауына әртүрлі көзқараста болады. Яғни ересектердің реакциясы әртүрлі. Біреулер бала жыласа әлсіздікке балап, жыламауға шақырады, егер ұл бала жылауық болса – оны күлкіге айналдырады. Бұл ата-ананың қателігі.
Ата-ана баланың жылағанына сабырмен қарағаны жөн. Себебі, бала неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым ол негативтік сезімдерін жылау арқылы шығарады.
—
Егер бала шектен тыс жылауық болса, оның бір себептері болуы ықтимал. Біріншіден, баланың темпераменті, нерв жүйесінің жеке ерекшеліктері себеп болуы мүмкін. Табиғатымыздан кейбіреулеріміз жігерлі мықты нерв жүйесіне, кейбіріміз әлсіз нерв жүйесіне иеміз. Біз әртүрліміз.
Баланың жылауықтығын күлкі етіп немесе келемеждесе – ол баланың алдағы өміріне мәңгілікке таңба қалдыруы мүмкін. Ол өмір бойы өзіне деген сенімсіздікке, қорқақтыққа алып келуі неғайбыл.
—
Егер бала кенеттен жылауық болса, оның да себебін анықтау қиын емес, мысалы, ол жаңадан балабақшаға немесе мектепке барып жүр, үйренісе алмағандықтан стресске түсіп жылауы мүмкін. Немесе ата-анасы ажырасып жатқандықтан, отбасында жиі болатын кикілжіңнен, мектепте шегісіп қалудан стресске түсіріп бала жылауық болуы мүмкін. Сондықтан да, ата-ана баланың көз жасымен күреспей, неге жылауық болған себептерін анықтап, оның жаман эмоциаларын шығарып, арылуға көмектесу керек.
—
Негізі жылауықтық, егер де хроникалық болса, егер де оның себебін анықтап шығармаса, ересек болғанда да жылауықтық орын ала беруі мүмкін. Мысалы, мен өз басым есейген шақта да жылауық болдым, оның себебі жас кезімде әкемнің қайтыс болуы еді. Сол қайғы мұң ішімде шер болып қатып қалған екен, көңіл босаған шақта ол да бусанып босап көз жасым арқылы бірден көздерімнен парлап кететін. Содан, жылауықтығымның себебін өзім анықтап, жылауық екенімді қабылдадым, өзіме рұхсат бердім, өзімді кешірдім. Содан бастап жылауықтығымнан арылдым.
Баланың да жылауықтығын бетіне басып әжуа етуден аулақ болу керек. Жылауға рұхсат беру керек. Анықтап алып, себептерімен жұмыс жасау керек. Бала аруақытта да ата-анасынан түсінік пен қолдау күтеді. Солай болуы табиғи заңдылық, ата-анасынан түсінушілік күтпегенде кімнен күтсін.
Баланың жылауықтығының сыры көп. Кейбір балалар өздерінің өктемдігін жүргізу үшін жылауықтықты құрал ретінде қолданып алуы мүмкін. Мұндай жағдайда анықтау керек.
Егер бала кенеттен жылауық болып, басқа ешнәрсе қызықтырмайтын, достарын да көргісі келмейтін халге түссе, депрессияға түссе, түнде қорқынышты түстерден шошып оянатын болса – балалар психологына қарату керек.