Ата-әже болу да еңбек
—
Осы тақырыпта ой қозғайтын болсақ, ата-әже болу оңай іс емес. Немеремен қарым-қатынас жасау үшін, тіл табысу үшін көп ізденіс, шығармашылық керек. Мен білетін бір тамаша азаматша бар, жалғыз ұлы үйленіп, бақыттан басы айналды. Қазір үш немересі бар. Күні бойы әжесі сол үш немеренің жанында айналшықтап жүреді де қояды. Мектепке апарады, әкеледі, майдаларын ертіп серуенге шығады, тамағын береді, кірін жуады... Келін де бала да жұмыста. Бұл кісі – алтын әже.
—
Балақайлар өте жуас, пассив, маған солай көрінді. Жо жоқ, әжесі оларды ұрмайды, ұрыспайды, ол өзі үндемейтін, көп сөзі жоқ кісі. Үнемі күліп жүреді, өте момын. Жасқаншақ десе де болады. Жалғыз өзі ұлын өсірген. Ол туралы басқа акпарат білмеймін.
Мектепте оқитын немересінің үлгерімі төмен, ол да именіп қалған, ұялшақ бала. Әжесінің оның сабағын қарауына сауаты жетпейді. Кішкентайлары өз ойын сөзбен жеткізе алмайды, жастары 2, 4 те болса да барлық талаптарын жылау арқылы, өкпелеу арқылы жеткізе алады. Мен ол кісімен үнемі жақсы сөйлесіп амандасып жүремін.
—
Осы балалардың мінез-құлқынан үйдегі адамдардың мінез-құлқын толық білуге болады. Яғни үйдегі қарым-қатынас паттерні қандай қалыптасқан – бәрінің айнасы балалар.
—
Бір күні олар қыдырып жүрген сәтте мен оларға ілесіп қыдырып қайттым, сөйлестім, соңында біраз әңгімелесіп қалдық. Байқағаным ол кісінің балаларға айтатын 5-6 сөзі ғана бар екен. Мысалы: Ақырын, Қайрат, құлайсың, жығыласың! Тиіспе! Болды, енді жемейсің. Осы сөздерді бір сағат ішінде қайталай берді. Балалар , әрине, оған селт етпейді. Неге? Себебі олар осы 5-6 сөзді күні бойы, айлар, жылдар бойы есітіп жүр. Ол сөздердің күші жоқ.
—
Менің ойымдағы әже мен ата мүлдем басқаша болуы тиіс. Олар немерелерімен толыққанды қатынас жасауды қолға алуы керек. Қазіргі заманға сәйкес, заманауи әже-ата болу керек. Оның орнына біздің көп замандастарымыз баяғы өздері естіген сарындағы тежеу, қорқыту үркітумен ғана подход жасайды екенбіз. Осы дұрыс па? Әрине, манағы әже немерелерінің жолында өліп кетуге бар. Айналып толғануға келгенде оның сөз байлығының шаңына да ілесе алмайсыз. Бірақ...
—
Міне, әже болу да шабытты, шығармашылдықты талап етеді. Себебі, біздің осындай баяу болғанымыздың салдарынан біздің ауылдарымыздағы талай «болашақ эйнштейндерді» оята алмадық.