Біздің өз бет-бейнеміз бар
Біз қызық халықпыз. Ия, өзгенің бәрі керемет, ал өзіміз бір бейшара, жалқау, сорлымыз деген түсінікті әбден сіңіріп алғанбыз. Бір қызығы, ауылдық жер болсын, қалада болсын – қазекеңдердің бала тәрбиесі жөніндегі сүйікті тақырыбы: жапондардың бала тәрбиесі туралы. Неге екенін түсінбей-ақ қойдым.
Осыдан 5 жыл бұрын Астанаға пойызбен бара жатқанымда менімен жастары шамалас үш әйелмен купеде сапарлас болдық. Мен өзім туралы ешкандай акпарат бермедім, жәй адамдарды тыңдап барайын деп үндемей жаттым, жол бойы әңгімелерін тыңдадым. Сонда байқағаным құрбыларым жапон елі туралы фантастикалық ұғымда екен. Олардың айтуынша, жапондар балаларына бір ауыз тиым салмай өте еркін өсіреді екен. Қазіргі біздің жастар өз балаларын «жапонша» тәрбиелеп, айтқандарын екі етпей орындайды екен, нәтижесінде әжесі сол шолжың балалардан қашып кететін болыпты. Мен ештеңе деп айтпадым.
Кеше ауылдық ауруханаға барсам, бір науқас екіншісіне жапондардың тәрбиесі туралы білікті адам секілді соғып жатыр. Яғни, жапондардың балалары қабырғаға да, потолокка да өрмелеп кете береді, тіпті туған бойдан карате, кун фумен шынықтырады екен, жаңа туған сәбиді жөргөгімен қабырғаға лақтырады екен, сөйтіп балада туған бойдан қорғану сезімін оятады екен. Үнсіз тыңдадым да қойдым. Ыңғайсызданып қалдым.
Таксиге отыра қалсаң да ылғи «про японский» метод знатоктар көп.
—
Осыған орай айта кеткім келгені: ешқандай да басқа мемлекеттерде идеал жоқ. Тіпті жапондарда да. Жапондардың да кемшін тұстары көп. Өзімізге алатын жақсы жақтары да бар. Жапондар да біз секілді ет пен теріден жасалған адам, робот емес.
Өз басым, американдықтарды құдай деп санамаймын, бірақ олардың басты өмірлік позицияларын құптаймын. АҚШ көп ұлтты мемлекет, олар бәрі бірдей емес. Бірақ американдықтардан өте көп әлемдік деңгейде танылған тұлғалар шықты. Сол тұлғаларды біріктіретін бір ұлттық қасиеттері бар, мен соны білем.
Қазақ - тамаша ұлт, тек бір кемшілігіміз: осы уақытқа дейін жүйеленген педагогикамыз болмады. Баяғыда бізді ауыз әдебиеті тәрбиелесе, кеңес дәуірінде кеңестік идеология тұрғысынан жасалған педагогиканы басшылыққа алдық. Ол кездегі бағдар біреу болатын: кеңестік ұлт, орыс тілінің аясында бір ұлт болып қалыптасу мақсаты көзделді.
Қазақтың жапон, американ немесе европалық болып кетуін көздемеу керек, бар болғаны қазақтың болмысына аздап корректировка жасау керек, бірақ ұлттық бейнені , ұлттық кодты дейміз бе, сақтап қалу керек.